Атақты Байдалы би тоқсан жасында қос жанарынан айырылып, мүгедек болып қалады. Бидің көңілін сұрауға келген замандасы: -Байдеке, күн өткен сайын тұрмысыңыз жүдеп барады. Алдында үш, артында екі мың жылқысы бар туыстарыңнан неге көмек сұрамайсың депті. Сонда жасаураған көзін орамалымен сүрткен би: -Ағадағы мал-аспандағы мал, Інідегі мал-іннің түбіндегі мал, Туыстағы мал-қуыстағы мал, Қыздағы мал-құздағы мал, Өз алдындағы жоқ нәрсені санама,-деп жауап қатады. Сәлден кейін сөзін былай деп жалғастырады: -Зағип көңілін кім ашар? Хал сұраған тең ашар. Жабыққан елдің көңілін, Өзен су мен кең қоныс, Бұлтсыз ашық Күн ашар. Ат көңілін кім ашар? Жалқұйрығын тараған, Сұлы менен сүт беріп, Күніне жеті қараған, Ардақтап мінген ер ашар. Ер көңілін кім ашар? Әлдилеп сүйген бала ашар.
|