Шариат бойынша адал (халал) мен арамды (харам) анықтаудың он бір түрлі тәсілі бар. Бірінші-әрбір заттың әуелден бар болуы. О баста құдіретті Алланың өзі адам баласының пайдалануына арнап жаратқан нәрселерінің бәрі адал. (Бұл турасында қасиетті Құранның "Бақара" сүресінде, 29-аят, "Лұқман" сүресінде, 20-аят, "Жүніс" сүресінде, 59-аят, айтылған). Екінші-әрбір нәрсенің адалдығы мен арамдығын белгілеу хұқына Алла ғана ие. Ешбір білгіш ғұлама-ғалым, әйтпесе билік басында отырғандар өз беттерімен "мынау адал", "мынау арам" деп әмір жүргізе алмайды. (Бұл турасында қасиетті Құранның "Жүніс"сүресінде, 59-аят, "Нақыл"сүресінде, 119-аят, айтылған). Үшінші-адалға тыйым салып, арамға жол беру де Алланың еркінен тыс болмауы керек. Мәселен, дінсіздер кейде адал нәрсенің өзіне тыйым салып жатады. Олар Исламда жеуге рұқсат етілген кейбір мал еттерін, жемістерді, балықтарды арам қатарына қосады. (Бұл турасында қасиетті Құранның "Әнғам" сүресінің 143-144-ші аяттарында толық айтылады). Төртінші-зиянды әрі пайдасыз нәрселерге тыйым салу. Мәселен-арақ-шарап пайдасыз ғана емес, денсаулыққа зиянды, залал екені анық. (Бұл турасында қасиетті Құранның "Бақара" сүресінің 219-аятында айтылады). Бесінші-адал нәрсе арам нәрсеге мұқтаж емес. Мәселен, мыналар анық арам, тыйым салынған іс-әрекеттерге жатады: -Алланың атымен қорғану; -өсімқорлық; -құмар ойнау; -аса қымбат, жарқырақ киім кию; -жезөкшелік; -арақ-шарап ішу, наша, шылым тарту, т.б. Алтыншы-арамды туғызатын әрбір іс-әрекеттің бәрі арамдыққа жатады. Мәселен, әйелдерді жезөкшелікке, ерлерді зорлық-зомбылыққа, балаларды ұрлық-қарлыққа итермелеушілердің әрекеті-арамдыққа, демек, нағыз күнәһарлыққа жатады. Жетінші-күнәні жасырудың өзі күнәһәрлық. Сегізінші-о баста түзу ниетпен жасалған арамдықты әсте ақтауға болмайды. Ақиқатқа жету үшін, әйтпесе жақсылыққа кенелу үшін кез келген әдісті пайдалану-Исламға жат. Мұратың адал екен, соған баратын жолың да-хақ, тура, түзу болу керек. Тоғызыншы-адал яки арам екеніне көзің жетпеген нәрседен қашық жүргенің абзал. Оныншы-арамдық жасаушының бәрі құдай алдында күнаһар. Байсың ба, кедейсің бе, бастықсың ба, бағыныштысың ба, білімдісің бе, білімсізсің бе-бәрібір, егер арамдық жолымен жүрген болсаң, түптің түбінде Жаратушы Иеңнің алдында жауап бересің. Ақ түстісің бе, қара түстісің бе-бәрібір, Ислам заңдары баршаға ортақ. Он бірінші-арамға жол беретін мәжбүрлік жағдайларды ажырата білу. Мәселен, мұсылманның өмірі мен денсаулығына анық қатер төніп тұрса, әдетте тыйым салынған өлексені, доңыз етін, өзге де арам нәрселерді жеуге рұқсат етіледі. (Бұл турасында қасиетті Құранның "Бақара" сүресінде, 173-аят, "Ниса" сүресінде,18-аят айттылған).
|