Денсаулығына күнбе-күн көп көңіл бөлетін адамның дәрігер мен дәрі-дәрмекке көп қаржы шығармайтыны дәлелдеуді керек етпейтін болса керек. Токионың "Иомиура" газеті осы тұрғыда 2200 жапондықтың пікір-сыңайын сұрастырып, оның нәтижелерін жариялаған. Жауап бергендердің 60 пайызы (проценті) диета ұстанып, денсаулыққа пайдалы деген өнімдерді ғана тамақ қылатынын, 42 пайызы (проценті) күн тәртібін бұлжытпай ұстанатынын айтқан. Үштен бірі спортпен шұғылданады, шынығады, ал 14 пайызы (проценті) ішімдік мен темекіні қойған. Осындай тазалық пен күтінудің нәтижесі медицинаның көмек-жәрдеміне жұмсалатын қаржының азаюы болып оралады. Жауап бергендердің, шамамен, үштен бірі бұл мақсатқа айына 5 мың иен ғана жұмсайтындарын айтқан (жапон жұмысшылары мен қызметшілерінің айлық орташа табысы 393 мың иен деп есептеледі, бұл 3500 доллардан асады). Халықтың әл-ауқатының, денсаулығының, елдегі медициналық қызметтің жай-күйінің анық бір көрсеткіші адам өмірінің орташа ұзақтығы екені белгілі. Ал Жапонияда бұл көрсеткіштің дүние жүзіндегі қай елден болса да жоғары екенін барша біледі.
|