Алла Тағалаға құлшылық ет! Аллаға ешкімді теңгерме! Аллаға шын жүрегіңмен, дәл көз алдыңда тұрғандай жалбарын. Өзіңді өлік деп есепте. Ағаштарды, тауларды көргенде Құдайдың құдіреттілігін есіңе ал. Егер жамандық естеген болсаң, тез арада жақсылық жаса. Егер жамандықты жасырын жасасаң, жақсылықты да жасырын жаса. Егер жамандықты көзге көрсетіп жасаған болсаң, жақсылығыңды да жұртқа жария ете аласың.
Қайырды ең алдымен өзіңе, содан соң отбасыңа бер, бұдан кейін барып жақын туыстарыңа, одан артылғанын алысырақ ағайындарыңа, яғни жақыныңнан бастап алыстауларына қарай үлестір.
Шақырған жерге барыңыз, тартылған сыйды қайтармаңыз, мұсылмандармен жауласпаңыз.
Көршілеріңнен өзің жайлы жақсы лебіз естісең, Алла Тағаланың алдында жақсы іс атқарым дей бер. Егер сен туралы көршілерің жаман пікірде болса, Алла алдында күнәһармын деп ойла.
Кімде-кім Аллаға және ақырет күнінің болатынына сенсе, көршісіне жақсылық істесін, қонағын жақсылап сыйласын, жақсы сөздер айтсын немесе үндемесін.
Алдыңызға басқа халықтың қастерлі адамы келсе, оған құрмет көрсетіңіз.
Егер сізге арнайы ат басын бұрып келген болса, оған сый-құрмет жасаңыз.
Халықтың ішінен кімде-кім жамандықты көзі шалса, оны қолымен түзесін, егер өз күшімен түзеуге мүмкіндігі болмаса, онда бұл істің жаман екенін өзгелерге айтсын. Егер бұған да шамасы келмесе, онда бұл істі іштей жоққа шығарып, ренішін білдірсін. Бірақ мұндай күйге түскен адамның иманы өте әлсіз болғаны.
Досыңмен тым жақын болма, бәлкім ол дұшпаның болып шығар. Дұшпаныңмен тым шайқасып кетпе, бәлкім ол досыңа айналар.
Сәбилер берілген нәрсені жастайынан-ақ ойланбастан, сорғыш тәрізді сіңіріп ала береді. Сондықтан оны жаман тәрбие мен достардан сақтандырған жөн.
Өзіңнен безген адамдарға жақындай түс. Олардың жағдайымен таныс. Жамандыққа жақсылықпен жауап бер. Өзіңе зияны тисе де шындықты айт.
Алладан дұшпаныңмен кездестіруге тілеме, егер кездесе қалсаң, шыдамдылық таныта біл.
|