Мен кішкентай кезімде еркекшора болып өстім. Екі бұтымның ортасына ұзын таяқты қысып алып, ауылдың ана басынан мына басына шыққанымша жолымдағылардың бәрін ойрандатып өтетінмін. Бір күні бет-аузымның бәрі қап-қара шаңға толы, үйге жетіп кірсем, керуетте өзіммен тетелес өскен жиен інім жатыр. Оның әкемнің төсегіне жатып алғанын қызғанып, "тұр да тұр" деп төпештей бастаймын. Үйдегілер: "Қой, ол бүгін сүндетке отырып, мұсылман болды",-деп жатыр. Келген көрші-қолаңдардың оның жастығы астына ақша, одан қалса, небір тәттілерді қыстырып жатқанын көрген мен қызғаныштан өтім жарылып: "Мені де сүндетке отырғызыңдар!"-деп қырғын салыппын. Сонымен, не керек, ата-анам келген молданы үйге қайтадан шақыртып, ініме жасаған жоралғыға ұқсатып үстіме ақ жауып, кішкентай матаға түйілген кішкентай бір затты бас жағыма байлап қойып, келгендерге: "Күнсұлу да мұсылман атанды"-деуге мәжбүр болыпты. К. Тұрғынбекқызы, әртіс
|