Ертегілерде жеті басты жылан, үш басы бар жылан деген кереметтер жиі айтылады. Шындық болмыста табиғатта ондайлар болмағанмен, екі басты жыландар кездеседі екен. Американың әр түрлі университеттерінің террариумдарында екі басты бірнеше экспонат бар. Теннеси университетінің биологтары он жылдан артық уақыттан бері өздеріндегі екі басты жыланның тіршілігін зерттеумен айналысуда. Жыланның бір басы ірірек әрі енжарлау, ал екіншісі шағындау болғанымен, ширақ. Ал осы екі бас жейтін тамақтары екі өңешпен бір асқазанға баратын болса да, тамаққа жиі таласып қалады. Бір бас тойынып шыққанда, екінші бас әлі қомағайлана тамақтанып жатады. Бірінші бас (үлкені) тамақтың ірі кесектеріне ұмтылып, баяу жұтса, екіншісі кішілеу кесектері таңдайды, бірақ апыл-ғұпыл тез жұтады. Жыл өткен сайын ғалымдардың бұл құпияны ашамыз деген сенімдері де жұқара түсіп келе жатқан көрінеді.
|