Сұрақ: -Осы той-жиындарда кейбір кісілер ақыл-кеңестерін айтып жатады... Осыдан біраз бұрын бір тойға барған едік. Арамызда бір дін өкілі бар екен. Ол кісі тойға келген қонақтардың бәріне уағыз айтып, тойда би билеуге, ән шырқауға, арақ ішуге болмайтынын қайта-қайта ескертіп отырды. Оны жақтырмаған қонақтардың бірі оған жекіп: «Молдеке, молда болсаң өзіңе, уағызыңды мешітке барып айт, бұл той, тойға адам көңіл көтеруге келеді»,- деді. Шындығында уағыз қайда айтылуы керек? Сонда тойда уағыз айтуға болмай ма?
Қ. Әбдімасат.
Алматы қаласы
Жауап: Бұл уағызды айтушы адамға және оны тыңдаушыларға да байланысты. Егер уағыз айтып отырған кісі айналысындағы адамдарды ұйытып, оларды айтқан сөздерді иландыра алатын болса, әрине, ол уағыздың қайда айтылып жатқанына ешкім мән бермеген болар еді. Ал той-томалақта кейбір азаматтар ішіп алған болады, ондайлар уағызыңды тыңдамақ түгілі, тек молданың ғана емес, өзін сабырлы ұстауды тапсырған кез-келген адамның жағасына дайын тұратыны анық. Сондықтан өзінің сөзін өткізе алмайтынына көзі жеткен кез-келген дін өкілі той-томалақта шамасы келмейтін нәрсені жүзеге асыруға тырыспағаны жөн. Себебі ондай жағдайда дінімізге деген құрмет төмендейді.
|