Адамдар сұлу өң, көрікті беттің өзін бір бақыт деп біледі. Одан баһар, ләззат алудың өзі бір ғанибет. Сұлулықты көріп, оған насаттану адам жан дүниесіне аспандағы жұлдыздардың қолға кеп қонғанындай әсер етеді дейді білетіндер. Мұның өзі асыл заттармен бірге бұл әсерді сандыққа қаттап сақтап қойғанмен бірдей. Жақсы көрік Күннің өзі болмағанмен оның судағы сәулесіне ұқсайды. Олай дейтініміз, адамдар жүзіндегі әдемілік Изид тағаланың бұйрығымен көктегі бақ жұлдыздарының нұр сәулесінің жердегі адамдарға ілуде бір келетін титімдей бөлігі іспетті. Сұлулық барша тілде әспеттеледі және кім-кімге де әсерін тигізбей қоймайды. Дүниеде жақсы нәрселер көп. Оларды көріп, сезіну адамдарды бақытты етеді, жан сарайларын тазартады. Қай-қай нәрсе де сұлулық пен әдеміліктің орнын баса алмайды. Өйткені өңнің сұлулығы, беттің ажары адамды қуанышты әсерге бөлейтіні соншалық, ешқандай өзге қуаныш оған тең келе алмайды. Гөзел жүз-дүниедегі бақыт пен салтанат себепшісі. Егер адам сұлулығы бұған қоса жақсы мінез-құлықпен жарасым тауып жатса, мұның өзі әлгі айтқан бақыт-салтанаттың ең биік дәрежесі болмақ. Егер кісі сыртқы және ішкі табиғатымен жақсы болса, онда ол өзге адамдарға өнеге, ал құдайдың сүйікті құлы болмақ. Ажарлы бет, сұлу өң төрт қадір-қасиетке ие. Біріншісі-гөзөл жүз оны көрген адамның сол күнін қайырлы, қуанышты етеді. Екіншісі-өмірге бақытты болу жөніндегі ниет, талабын тәтті етеді. Үшіншісі-адамды ақжарқын, ашық көңіл, әдепті етеді. Төртіншісі-қазына-байлықты, адам жан-дүниесіндегі жақсы қасиеттерді молайтады, абыройлы қызметке жетелейді.
С. Дәуітұлы
|