Нұрбай батыр сөзге де шебер адам екен. Бір күні біраз мал жоғалып, түн қатып іздеп жүріп, таңертең ерте жұрт тұрмай бір ауылға келеді. Қотанның шетінде тұрған бір адамға келсе Шоң екен. Амандасқаннан кейін, Шоң:
-Уа, кімсің?-дейді.
-Кереймін,-дейді Нұрбай.
-Керей болса атың кім?
-Атым Нұрбай.
-Нұрбай қарақшы сен бе едің?
-Сіздің ел қандай кісіні қарақшы дейтінін қайдан білейін, біздің ел қотанның шетінде қалқайып жалғыз тұрғанды қарақшы дейтін еді,-дейді Нұрбай батыр.
-Жол болсын, неғып жүрсің?-дейді Шоң.
-Он бес шамалы жылқы алдырып, соны іздеп жүрмін.
-Сенің атың Нұрбай болса, бүгін алдырған жылқың он бес болса, ертең отыз болар,-дейді Шоң.
-Бәрекелді өзім де сізді анығын айтар деп едім. Әділін айттыңыз,-дейді Нұрбай.
-Қалжыңға түсінбейсің де-дейді Шоң.
-Нұрбай:
-«Ұлы би қалжың болмас, әділ би мылжың болмас» деген сөз бар. Әділ би болсаң малымды қайтар. Шоң би олардың малын қайтарып береді.
|