 Сельдерейдің шатырша гүлдер тұқымдас, сабағы бұтақты өсімдік. Тамыры ақ түсті болады. Жапырақтары әр түрлі. Гүлдері ақ, ұсақ, шоқталып өседі. Жемісі-қосарлы дән. Биіктігі 30-70 сантиметр. Маусым-шілде айларында гүлдейді. Көкөніс ретінде барлық жерлерде өсіріледі. Химиялық құрамы толық зерттелмеген. Өсімдіктің құрамында көп мөлшерде калий мен натрий тұздары, эфир майы мен дәрумендер (витаминдер) бар. Қолданылуы. Емдік мақсатқа тамырын, жапырағы мен дәндерін пайдаланады. Жапырағын маусым-шілде, дәндерін тамыз-қыркүйек айларында, ал тамырын күзде жинайды. Сельдерейдің дәрілік қасиеті өте ертеде белгілі болған. Тамыры, жапырағы мен сабағы тәбет ашады, іштегі ауаны шығарады, нерв жүйесін нығайтады, несептің бөлінуі мен етеккірдің келуін күшейтеді. Сондай-ақ, сельдерейде аздап іш жүргізетін, қан тазартатын, жара жазатын антисептикалық қасиет бар. Көптеген халықтардың медицинасында өсімдіктің тамыры мен жапырақтарының судағы тұнбасын тәбет ашуға, ас қорытуды жақсартуға, шемен ауруына ұшырағанда несеп жүргізуге және іш өткізу мақсатына пайдаланады. Сельдерей тұнбасын сонымен қатар бүйрек пен қуық ауруларына, құяң мен ревматизмге қарсы қолданады. Тамыры мен жапырақтарының тұнбасымен іріңді жараларды жуады.
М. Қожабеков.
|