«...Барша адамға бақ ізде...»
(«Үш анық» атты еңбегінен)
Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс-ұждан. Ұждан-дегеніміз ынсап, әділет, мйірім.
Сөзбасы
Кетті, келді,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп, өнді қайтады.
Дөңгелеткен,
Өңгелеткен,
Түк білімсіз күш пе екен?
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз,
Есті қылған іс пе екен?
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Дене жөн деп,
Жоғары өрлеп,
Жаның мен деп келе ме?
Осы дүниеде көзге ілінбейтін кішкентай жандылардан бастап адамдарға шейін бәрі өзі һәм нәсілдерінің жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қылады. Мұны-«барлық таласы» дейді. Бұл жаратылыстың берік жолы. Сондықтан барша адам шамасына қарай қай бірі өзі үшін, қай бір табы үшін, қай бірі барша адам үшін жақсылық бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады.
|