Бісмілла, бісмілладан деп айтамыз, Жаман сөз жарамаған неге айтамыз? Жаман сөз жарамаған біз айтпаймыз, Мұхаммед құдай досы деп айтамыз.
Бісмілла, бісмілладан екеу екен, Жүйрікті шабан қуып жете ме екен? Барында тіршіліктің иман ізде, Өлген соң имансыз жан бекер екен.
Бісмілла, бісмілладан бірден сабақ, Алдында үлкендердің жезден табақ. Бермесең тірі күнде «зекет-ұшыр», Өлген соң алдың тозақ, артың қамақ.
Бісмілла, бісмілладан бісмілла ашар, Білмейді бісмілланы кейбір нашар. Аузыңнан бісмілланы тастамасаң, Періште жолыңды ашып, шайтан қашар.
Ей, Алла, беріп ең сен адамшылық, Танылмас тап бермеде наданшылық. Мұхаммед үмбетімін, сиынамын, Денеме дарытпас деп жаманшылық!
Ел ішінен жазып алған О. Асқар
|