Ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші -журналист Ақылбек Шаяхмет
Жол шегі емес ұзақ жүріп келгенің,
Жеткен күнің-өткен күнді қайталау.
Бірақ, басты олқылығы пенденің -
Сонда кеткен кемшілікті байқамау.
Қартайған шал тұрса-дағы қаусап тым,
Атқан таңға, батқан күнге қызығар.
Өткен күндер таңбасындай саусақтың,
Әрбір айда, әрбір жылда ізі бар.
Мерзімі бар әр сағат пен тәуліктің,
Өлшемі бар әр мезгілдің жылдағы.
Бір-бірімен бірдей емес барлық күн,
Бірдей емес аққан су мен құм-дағы.
Өткен күндер -жүріп өткен іздерің,
Асау аттай ілінбеген құрыққа.
Сезген кезде салқындаған күз демін,
Қыстың таяу қалғандығын ұмытпа!
|