Қадірменді оқырман! «Өзім де білем...» дегендей салғырт ойға салынбауыңыз қажет дейді салауатты өмір салтын сақтаушылар. Бұған қосылмасқа болмайды. «Өзім де оқи аламын, өзім де аяқ-қолымды ұйқалай аламын, басқаның кеңесі керек жоқ дегендерді өкініштерін көріп жүргендер көп. Сондықтан құлағыңыз түрік жүрсін деген оймен мына бір кеңесті жариялап отырмыз («Денсаулық әлемі», №5,2015ж)
Аяқ тамырларының басты дерті варикоз екенінен көпшілік хабардар. Варикозбен күресу үшін үнемі қажетті процедураларды төзімділікпен орындай білу керек. Варикоз кезіндегі массаж жақсы нәтиже беретін тиімді әдіс деп танылған. Дегенмен мұндай массажға бармас бұрын, өз дәрігеріңізбен кеңесіп алғаныңыз абзал. Өйткені бұл аурудың массаж жасау кезінде бірқатар шектеулері болады.
1.Аяғыңыздың шаршағанын сезсеңіз, көлденең түсіп жатыңыз. Аяғыңыздың астына жастық қойып, көтеріп қойыңыз. Қан тамырлар жұмысы содан жақсара түседі. Бес минуттан соң массажға кірісіңіз.
2.Алақаныңызбен тобығыңызды айналдырып уқалаңыз. Қолыңызды тізеге қарай бұрып отырыңыз. Қолыңыз теріні жиырмай жеңіл жүруі тиіс. Айналдырып уқалап, жіліншігіңізді сылап, сипаңыз. Қимылыңыз төменнен жоғарыға қарай бағытталсын.
3.Жіліншегіңізді төменнен жоғары қарай уқалай беріңіз. Жаттығуды табаныңыздан тізеңізге қарата уқалаумен жалғастырыңыз.
4.Тізеге дейінгі уқалаудан соң, тізеден жоғары жаққа көшуге болады. Баяу қимылмен тізеден жоғары қарай уқалап, жамбасқа дейінгі аумақты уқалап шығыңыз. Теріні зақымдап алмайтындай өте ақырын қимылдаңыз.
5.Мұндай массажды теңертеңгі және кешкі жаттығудан соң бес минуттан қана жасау керек.
Бақыт Тұрсынжанқызы
|