Халқымызда "Жиен ел болмас, желке ас болмас" және оған қарама-қарсы "Жиен ел болар-малы болса, желке ас болар-майы болса" деген мақалдар бар. Мұндағы "Жиен ел болмас, желке ас болмас" дегені жиенді қанша бағып, қағып тәрбиелесең де түбі сіңбейді, атасы бөлек, өз еліне кетіп қалады. Өз елінің сөзін сөйлеп, сойылын соғады деген мағынада айтылған сөз. Шындығында да нағашы жұрты қанша жақсы болса да, жігіт өз елін аңсап, кейде ел арасы бұзылып сын сағаты келгенде өз жағына шығып кететін болған. Бұдан біз адамға өз жұртының қаншалықты ыстық, қымбат екенін аңғарамыз. Ал, жорағыдағы екінші мақал-жиеніміз дәулетті, малды, жілігі татитын ел жұртқа сыйлы, сөзі өтімді, беделді азамат болса бізге де жақсы, алыс беріс жасап, араласып, қысылғанда арқа тұтып жүреміз деген ұғымды білдіреді. Жалпы елі, жері, атасы басқа болғандықтан нағашы мен жиен бірін-бірі күндемеген. Ағайын арасының ұсақ кикілжіңі олардың арасында жат қылық саналған. Біріне бірінің құрмет-бейілі шынайы, таза болған. М. Ниязбеков
|