Қонысбай Әбіл,
Қазақстанның халық ақыны
Ауылым, сені қимаушы ем,
Анамдай жақын көрініп.
Алыстан қолды бұлғаушы ең,
Түтінің көкке өріліп.
Болсаң да қанша төзімді,
Бар еді қандай жазығың.
Сағынған кезде өзіңді,
Ат байлар алтын қазығым.
Ұшақпен бірге аспандап,
Пойыздарменен қоса ақтым.
Көшерде көзден жас парлап,
Өшіргем отын ошақтың.
Сыйлайық атақонысты,
Бүл күнде жағдай өзгерді.
Ауыл алдында борышты
Өтейтін енді кез келді.
-Қызмет етем халқыма,
Риза болғай,-деп,-ата-анам.
Алдыңа келді партия,
«Ауыл» деп өзін атаған.
Қыздарың менен ұлдарың,
Буыпты берік белін шын.
Оңғарып тәңір жолдарын,
Жақсы ісіменен көрінсін.
Тілеңіз тілек қол алып,
Үмітіміз бар үкілі,
Ауылға бақыт оралып,
Түзу боп шықсын түтіні.
Қашанда қазақ жақсының,
«Атына заты сай» деген.
Жарысқа қосқан жүйрігің,
Топ жарып келсін бәйгеден!
|