Егер жер астында қазына немесе байлық болса, сол жерде қар тоқтамай еріп кетеді. Жер асты байлықтарының бір нышаны-ұрығы себілмеген жерден райхан гүлі өсіп шығады. Бұл-осы маңда байлық бар деген сөз. Егер тау баурайында, жұрт тұратын жерден аулақта күнжіт немесе баклажан өскенін көрсең, сол жерде байлық бар дей бер. Егер сортаң жердің ортасында бұқа терісіндей ғана жақсы жер немесе домбаз, кірпіш құюға мүһр (лайдан жасалған арнаулы орын) жасауға жарайтын топырақ болса, сол жерде қазына бар екені белгілі. Егер жемтік, өлімтік жоқ жерде құзғындар айналып ұшып жүрсе, ол жер де қазына-байлықтан құр емес. Егер жаңбыр жауып тұрғанда шұңқырсыз тегіс жерге судан қақ тұрса, ол жерде де байлықтың бар болғаны. Егер қыстыкүні қайсыбір жерде қар тез еріп кетіп, айналасында қар қалса, ол жерде қазына бар деп есептелінеді. Егер тас бейне бір майланғандай жалтырап көрінсе және оған жаңбыр мен су жұқпаса, ол жерде де қазына бар делінеді. Егер таудан бірге ойнап, құрылдасып түсіп келе жатқан қырғауыл мен кекілік көзге шалынса, немесе кенет, күтпеген жағдайда бал аралар бір жерге топтана қонса, яки қайсыбір ағаштың бірер бұтағы басқаларына қарағанда жуандау, қуаттырақ болып өссе, бұл жерде қазына бар деңіз. Зейінді, білгір, сезімтал адамдар кең-байлықты табу мақсатында осының бәрін назарға алып отырған. Егер алтынды сақтамақшы болған адам оны мыс немесе шыны ыдысқа салып көміп қойса, кейін сол алтынды қазып алмақшы болса, оны таба алмайды. Алтынымды біреу-міреу алып кетіпті деп ойлауы да мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, оны ешкім алмаған, қазған жерінен төменге түсіп кеткен. Себебі, алтынның салмағы ауыр, суға жеткенге дейін жер түбіне шөгіп кете береді. И. Сапарбаев
|