Қадірменді оқырмандар! Оқушылардың денсаулығына байланысты бірер мақалаларды аздаған қысқартулармен беріп отырмыз. Олар Отандық баспасөз беттерінде (солардың бірі «Ауырмаңыз» № 19 (51) 2011 ж) көптеп жариялануда. Біріншіден, азанғы уақытта баланың іші ауыруы, лоқсуы мүмкін. Бұл баланың мектепке үйрене алмай, стресске түсуінен пайда болатын жағдай. Екіншіден, баланың ұйқысы бұзылуы мүмкін. Ұйықтап жатып сөйлеуі, орнынан тұрып жүріп кетуі, кейде әртүрлі қорқынышты түстер кіруі мүмкін. Кей жағдайларда бала көпке дейін көз іле алмай қалады немесе түнде бірнеше рет оянады. Ал таңертең ұйқысы қанбай, өзін жайсыз сезініп оянады. Үшіншіден, бала зейінін бір жерге шоғырландыра алмай қиналады. Ол естігенін тез ұмытып, ал кейбір қиындау тақырыптарды тіпті түсінбей қалуы мүмкін. Содан болса керек мұғалімдер қыркүйектің қиын тиетінін айтады. Мектепке бейімделу екі аптадан екі айға дейін созылуы мүмкін. Оның ұзаққа созылуы көптеген факторларға байланысты болады. Мысалы, баланың жүйке жүйесіне, мұғалімнің педагогикалық стиліне, сыныбындағы оқушылармен қарым-қатынасына, т.б. Бұлардан бөлек, баланың тым жылауық болып кетуі, көңіл-күйінің тез өзгеруі, мектепке барғысы келмеуі немесе ата-анасының айтқандарына қарсы шығуы мүмкін. Баланы мектепке қалай оңай бейімдеуге болады? Бұл кеңестер мектеп табалдырығын енді ғана аттаған балалар мен 12 жасқа дейінгі оқушылардың ата-аналарына өте қажет. Жалғасы бар...
|