Жұрттың бірсыпырасы өзінің аллергиямен науқастанып жүргенін жай ғана айта салатыны бар. Шын мәнінде оны елемей жүре беру өкінішке ұрындырады. Ал тиянақты түрде емделіп, дәрігер кеңесін мұқият орындасаңыз, одан құтылуға болады екен. Күнделікті өмірде таза ауызсудан басқа тағамдардың барлығы кез келген уақытта аллергиялық ауру шақыруы мүмкін. Статистикалық дерек бойынша, әлемде әрбір үшінші аллергиялық аурудан зардап шегеді. Бұл ауру адам ағзасының белгілі бір тағамдар мен жемістердің иісіне аса сезімталдығынан пайда болады. Тағамнан болатын аллергиялық аурудың белгілері-терінің қышып, қызаруы мен ұсақ бөртпелердің пайда болуы. Мұндай белгілер ағзаға жақпайтын тамақты жегеннен кейін екі сағат ішінде білінеді. Ал адам бойындағы дертке дауа іздемей, уақыт өткізіп алатын болса, тәбеті төмендеп, оның соңы диатез, экзема сияқты ауруларға ауысып кету қаупі жоғары. Тіпті асқорыту мүшесінің панкреатит, колит сынды ауруларын қоздыруы да әбден мүмкін. Балалар арасында жұмыртқа, сиыр еті, балық және ана сүтін алмастыратын түрлі жасанды қоспалар, ірімшік, цитрустық жемістер аллергиялық аурулардың тез пайда болуына ықпал ететін тағамдар болып саналады. Ал ересектер арасында тағамнан болатын аллергиялық аурулар өте сирек кездеседі. Сондықтан тағамнан болатын аллергиялық аурулардың белгілерін байқасаңыз, дәрігерге көрініп, ауруды тудырып отырған себепші аллергенді анықтаудың маңызы зор. Бұдан бөлек 1-2 күн аузыңызды дәм алмай күніне 2 литрге жуық су ішіп, іш-құрылысыңызды тазалағаныңыз жөн... Дегенімізбен, ылғи да айтатынымыздай дәрігеріңізге қаралып тұрыңыз.
|