Компьютермен жаңадан жұмыс істей бастағандар есінде болатын мынадай жәйіттер бар. Компьютерлік техниканың тіршілік қарекетімізге кеңінен кіре бастағанына бірталай уақыт болды. Бұл техниканы бізден анағұрлым бұрын пайдаланған озық елдердің мамандары компьютермен жұмыс істеген адамның денсаулығына белгілі бір нұқсан келу мүмкіндігі бар екенін жасырмайды. Көбіне адамның көзі талады, қолдың саусақтары, мойын, жауырын бұлшық еттері ауырады, адам тез шаршайтын болғанын аңғарады. Мамандар аяғы ауыр әйелдердің компьютермен жұмыс істеуді тоқтата тұрғаны немесе жұмыс істемейтін уақытты күніне төрт сағат етіп шектегені жөн деп кеңес береді. Компьютермен жұмыс істегендерге бірқатар сақтану амалдары ұсынылады: дисплейден кемі жетпіс см қашық отыру, дисплейге терезенің жарығы не басқа жарық тура түспеуі керек. Бөлмеде бірнеше компьютер болса, олардан 1-2 метрдей қашық отырған жөн. Арнайы орындықтар болса, күніне екі рет басқаша жайғасып отыру, жұмыс қарқынын сағатына мың жарым сөзден асырмау, дисплеймен жұмыс істейтін уақытты жалпы жұмыс істейтін уақытының елу пайызынан асырмау ұсынылады. Жұмыстың әрбір сағаты сайын он бес минут үзіліс жасау керек. Темекі тартатындардың бұл әдеттен арылғаны жөн. Бөлменің тазалығына ерекше талап қойылады, өйткені дисплей экраны шаңды өзіне тартып, операторға осы шаңды жұтуға тура келеді. Мамандар бұған қоса дисплейлерге таяу кактус өсіп тұрғаны жақсы дегень пікір айтады. Ал көздің талуына қарсы жиірек қағып, көз қабығын ылғандандырып тұрған жөн деген де кеңес айтылады.
|