Халық емшілерінің мынадай пікірлері қамқорлық немесе қайырымдылық сыңайларын танытады. Кейде адамның бүкіл денесі әлдене басып тұрғандай қарадай шаршап әлсіреп тұрады. Бұл-адам ағзаларында әлдебір дәрумендердің немесе химиялық элементтердің жетіспеуінен болатын құбылыс. Осындай кезде 250 грамм қабығынан аршылған сұлы дәнін 1 литр суға салып, жартысы қалғанша ақырын қайнатады. Бір сағат тұндырған соң, суын таза ыдысқа құйып, екі ас қасық ақшыл сарғыш бал салып, тағы бір қайнатып бұқтырады. Күніне үш рет ас алдында бір стақаннан ішеді. Бұл жасы ұлғайып шаршауға, операциядан кейін, бүйрек ауруынан соң күшті қайта қалпына келтіру үшін қолданылады. Бір емделу мерзімі 15 күн. Әлсіздіктің кейбір бөлігі ағзаларда темірдің жетіспеуінен болады. Оған қара немесе қоңыр итмұрыннан 20 грамм алып, оны ұнтақтап, 500 мл суға 10 минут қайнатып, 1 сағат бұқтырады. Оған 1 ас қасық ақсарғыш бал қосып, араластырып, астан бір сағат бұрын ішеді. Күніне үш рет. Бұл шараны 1 ай бойы жалғастыруға болады. Оның оңды нәтижесін 10 күннен кейін-ақ көресіз. Бұл бүйректің жұмысын да жақсартып, қанның құрамына да игі ықпалын тигізеді.
|