Жақсыға жаман кесір
Патша заманында Көкше өңірінің Қозыбай деген бір жақсы адамы Семей жаққа жер ауып келіпті. Сонда Темірғали шешеннің айтқан жұбату сөзі: -Жақсыға жаман кесір, жақсы кетсе-жесір. Табында жақсы болса пайдасы тиер, еліңде тентек болса найзасы тиер, кең қолтық қоғамшыл болсаң халқың сүйер. Шошынбас жүрек болмас, тосылмас жүйрік болмас, дәміңді алыстан жазса, бармасқа басыңда ерік болмас. Қисық ағаш тезден мұқайды, дау сөзден мұқайды, ел ішінен шыққан дұшпан жаман, өзінен-өзі мұқайды. Ер жігітке тағылған шынжыр, арқан-ар емес, қайратпен оны сүйретпеген нар емес. Біздің елдің жаманы басыңыздан пәле кетпестей көріп жүрген шығар, Сіздің елдің жаманы енді оралып келместей көріп жүрген шығар. Дәміңізді алыстан жазса, топырағыңызды туған жерден жазар, еш нәрсе ойламаңыз.Ажалды алдауға болмайды
Біреу сырқаттанып, тәуіпке қаралып жүреді екен. Бір күні тәуіп қатты ауырып қалыпты. Сонда оған қаралып жүрген кісі:-Құдай-ау, тәуіпті алғанша мені алсайшы!-деп жалыныпты құдайға. Мұны оның бір әзілқой көршісі естіп қалыпты. Бәлемді бір қорқытайын деп, тонын айналдырып қиіп, бетіне ұн жағып, аузына шоқ тістеп-ажал болып, емделіп жүрген кісі ауырып жатқан тәуіптің қасында отырғанда кіріп келеді.-Мен ажалмын. Осында мені керек қылған қайсың?-дейді. Тәуіптің баласы емделіп жүрген кісіні нұсқайды. Сонда емделіп жүрген кісі сасып қалып:-Тек, қалқам! Ажалды алдауға болмайды. Кімнің сырқау, кімнің ауру екенін ажал екемнің өзі де көріп тұр ғой!-депті.
|