«Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен...»
Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бар кессе басың шындықпенен.
Қорек тап бейнеттен де тәңірің жәрдем,
Телмірме бір адамға мұңдықпенен.
Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,
Бір әділ қазнасы кең патшаңды ізде.
Қорексіз еш пендесін қалдырмайды,
Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе.
Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Іске аспай бақ-дәулеттің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.
Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,
Ажарсыз адамдарды ал назарыңа.
Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,
Тұрмаған ажар ара ажалына.
Жүйрікте болмайды көрік сыналмаған...
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған...
Меңзеген асқар тауға есіл көңіл,
Дүниеде еш нәрседен тына алмаған.
Арық мал жан жолатпас бір жалданса,
Пенде ойлар кемімен деп бір малданса.
Қадамы әзіз ердің ұзамайды,
Жігітке бақыт шіркін сырт айналса.
Ағайын жат болады алыс болса,
Болады жат та жақын таныс болса.
Достарың дұшпан түгіл табалайды-
Аяғың бір нәрседен шалыс болса.
Асылы залымдардың лайланды,
Дүниені маған десең шыр айналды.
Ит үрер жақсыға да, жаманға да,
Қылмағы бірақ залал құдайдан-ды.
|