Әдеп әліппесі адамды әр салаға назар аудартпай қоймайды. Мәселен, жұмысына байланысты кездесетін жайсыздықтары денсаулықтарына кесірін тигізіп жатса, қайтеді?
Мұндай жайсыздықтан арылу үшін қолды тынықтыру, босаңсыту, жиі үзіліс жасап демалып тұру керек. Адам өзінің жүріс-тұрыс, отыру ерекшелігіне де мән бергені абзал.
Көз, құлақ нашарлауы көбіне кішкентай, ауасы тар, шулы, тағы басқа жайсыз ортада көп жұмыс істейтін адамдарда кездеседі. Бас жиі ауырады. Ол көз бен құлақта кінәраттар туындауына себеп. Сондықтан адам мұндай жерлердегі жұмыста да өз денсаулығына қамқор болып, тиісті сақтық шараларын жасай жүргені жөн.
Бел ауруы жүргізушілер мен компьютерде көп отыратын адамдарды мазалайды. Шамадан тыс ауыр затты да көп көтермеу керек. Бір қалыпта көп отыратын адамдарды да бұл жиі мазалайды.
Адам өз жүріс-тұрысына мән берсе, өзіне бұл жұмыстардың қандай қолайсыздық әкеліп жатқанын ұғады. Сондықтан оны болдырмаудың түрлі амалдарын, дене жаттығуларын жасап тұрған жөн. Бас ауырса, алаңсыз жүрмеңіз, дәрігерге қаралып, кеңес алыңыз, емделіңіз.
Тағы бір жиі кездесетін ауру-суықтау, жұқпалы вирусқа ұшырау. Бұған көпшілік ортада жұмыс істейтіндер бейім. Одан сақтану үшін маусымға сай киініңіз, гигиена, жалпы тазалық сақтаңыз.
Жалпы, мұндай жайсыздықтарға ұрынбас үшін суды жеткілікті ішіп тұрыңыз, бөлмеде жасыл өсімдіктер өсіріңіз, бөлмені, кабинетті желдетіп, шаң-тозаңнан таза ұстаңыз, толыққанды ұйықтап, дұрыс тамақтаныңыз, жұмыс режимін ұстаныңыз, өз денсаулығыңызға мұқият болыңыз.
Н. Жүніс.
|