|
Бір тасып, бір азаймас дәрия бар ма, Жан сырын жасырмайтын жария бар ма. Ініге үлгі-өнеге болам десең Алдыңғы қарап үйрен қарияларға.
Ит болмас қасқыр қанша баққанменен, Оқ тимес ажалсызға атқанменен. Жалқауға сөз, шабанға қамшы өтпес, Жібімес тас өзенде жатқанменен.
Жібекке мақтасаң да бөз жетпейді, Шабан ат жемдесең де тездетпейді. Жаманмен жайды білмес болсаң жолдас, Басыңнан ертелі-кеш сөз кетпейді.
Жел соқпай шөптің басы қозғалсын ба. Артқыға айта жүрер сөз қалсын да. Қолыңнан келсе көптің көңлін көтер, Біреудің қалған оңбас көз жасына.
Әр адам жақсы көрер мінездесін, Кісіні хош көрмеген кім іздесін? Сақтасын жамандардың жаласынан, Түсіме өнім түгіл, кіргізбесін.
|
Абылай қалмақтың қарғысшылынан қарғыстың жаманы қандай деп сұрағанда, қарғысшыл, бірінші: "Шөбің жапырылмасын!"-депті. "Мені кедей бол-дегенің ғой, бұл қарғыс емес. Халқым бай болса бір менің кедейлігім кемшілік емес",-депті Абылай. Екінші, "Күлің шашылмасын",-депті. "Бұ да қарғыс емес, балаң болмасын" дегенің ғой, өзім жақсы болсам, халықтың бәрі де менің балам",-депті. Үшінші: "Өзің білме, білгеннің тілін алма"-депті. "Міне жаман қарғыс!"-депті Абылай. Б. Бөбеков
| |