Арғымақ байлап не керек, Артынан жабы жеткен соң. Сары ала қылыш не керек, Мұқатып дұшпан кеткен соң. Ағайын-туыс не керек, Аңдысып күні өткен соң. Қызыл тілім сөйлеп қал, Қызығыңды жер көрер, Санаулы демің біткен соң. Айтты дейтін жұрт қайда, Айтатұғын біз қайда? Бір төбенің басына Көме тастап кеткен соң... Ат туады биеден, Алып туар анадан. Ажал келсе бір күні, Айырар қатын-баладан. Сиыр жисаң қарадан, Қатық кетпес шарадан. Ақылдыдан би болса, Адаспайды жобадан. Ақымақтан би болса, Екі қолын айырмас Өмірінше парадан.
|