Дінімізде қасиетті саналған күндер бар. Мысалы, екі айт күндері, жұманың күндізі мен түні. Рамазан айының күндізі және түні қасиетті болып есептеледі. Рамазанның ішінде, әсіресе соңғы он күндігі ерекше қасиетке ие. Өйткені, бұл кештерде адам баласының бір жылдық тағдыры белгіленетін Қадыр түні бар. Қадыр түнінде Аллаһ Тағала дүние аспанына Қасиетті Құран Кәримді түсірген. Қадыр түнінде Қыдыр атаны күтеміз деудің ешқандай діни негізі жоқ. Бұл аңыз. Мұсылмандар бұл қасиетті түнді біреуді күтіп емес, аятта бұйырылған ғибаттарын жасап сауап үмітімен өткізгендері дұрыс. Қадыр түні Аллаһ Тағаланың разылығы үшін жасалған әрбір халал іс-құлшылық болып есептеледі. Білім іздену, намаз, Құран оқу, сабаққа дайындалу, осының барлығы халал, құлшылық.
«Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадыр түнін шын имам және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі.» Хадисті Әбә Һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Насаи риуаят етті.
«Сахабалардың бір тобына түстерінде Қадыр түні көрсетіліп, ол Рамазан айының соңғы жеті түннің бірінде болатыны аят етілгеннен кейін Расулуллаһ (с.ғ.с.): Мен сендердің көргендерің Рамазан айының соңғы жеті түнінде ұштасатынын көріп тұрмын. Сондықтан, Қадыр түнін іздеген адам, оны Рамазан айының соңғы жеті күнінен іздесін»,-деп айтты.» Хадисті Ибн Омардан (р.л.ғ.) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.
«Расулуллаһ (с.ғ.с.) Рамазанның соңғы он күндігінде мешітте өткізіп: «Қадыр түнін Рамазан айының соңғы күндігінен іздеңдер»,-деп айтатын.» Хадисті Айша анамыздан (р.л.ғ.) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.
«Расулуллаһ (с.ғ.с.) айлардың ішінде Рамазан айында, әрі Рамазан айының соңғы он күндігінде құлшылыққа ерекше ыждағаттылық білдіретін.» Хадисті Айша анамыздан (р.л.ғ.) Имам Муслим риуаят етті.
|