Дүниеге келген нәрестенің кіндігін ақ балтамен кесіп, таза жіппен байлайды да, түбіне күл себеді. Ақ балтаны өзге нәрестеге пайдаланбай, сақтап қояды. Ер баланың кіндігін «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырады. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген ырыммен ошақ түбіне көмеді. Жаңа туған сәбиді емізбестен бұрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырады. Ерте кезде қасқыр киелі саналған, сондықтан да бұл ырым бала қасқырдай қайратты да қажырлы болсын деген ниеттен туындаған. Нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесікті айналдырып, аластап шығады. Бала бөленген бесіктің үстіне жеті нәрсе (шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы және бесік көрпе) жабады. Кебенек пен қамшы-ер қорғайтын ер болсын деген тілекті білдіреді. Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37-39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42-44 күнде қырқынан шығарады. Бұл ұл баланың қалыңдығына төлейтін қалың малы аз болсын, қыздың қалың малы көп болсын деген ырым. А. Құралұлы
|