Жалғасы.... Кез келген істі сабырмен, өз-өзіңе деген нық сеніммен істеуге тырыс. Жылдам қимылдауды-асығыс-үсігіс, атүсті іс қылу деп түсінуге болмайды. Есіңізде болсын, өз ісіне шынайы берілген шаруаға салқынқандылықпен қарайтын, әр істі нық сеніммен бастап, шыдамдылықпен аяғына дейін жеткізе алатын адам ғана бақытты бола алады.
Бойыңыздан жаманшылыққа орын бермеңіз, жан тазалығы мен тән тазалығын сақтаңыз. Өзің ешкімді қорлама, өзіңді ешкімге қорлатпа.
Мақтаншақтық пен көпірме көпсөзділік адамның жан дүниесін улап, жақсы қасиеттерден жұрдай етеді.
Өтірік айтпа, екі жүзді болудан сақтан.
Өтірікпен өрге басып, байимын деп ойлама. Өтіріктің соңы өкінішпен аяқталады.
Күтпеген жерден келетін кездейсоқ бақытқа сенбе. Жоқ нәрсеге дәмеленіп, алтын уақытты босқа өткізгенше сол бақыт «ауылын» өзің іздеп тап.
Сіздің алға қойған мақсаттарыңызға жетуіңізге кедергі келтіретін ең қауіпті дұшпандарыңыз: арақ, темекі, есірткі.
Әңгімелескен кезде сұхбаттасушының көзіне тік қарап, оның айтайын дегенін сабырмен тыңдап, асықпай сөзінің аяғын күтіңіз. Пікірталас түскенде сабырлы кейіп сақтап, бет-әлпетіңізден ұстамдылықты байқатып, ақылға сыйымды, шындыққа жанасатын аргументермен қаруланғаныңыз жақсы. Біреулердің сізді кемсітуіне немесе сізге ескерту жасауына жол бермеу керек.
Аздан бастап, көп іс тындыр немесе шағын дүниеден бастау алған ісің-үлкен дүниелерге ұласып жатсын.
Өзіңіздің мінез-құлқыңызды, қолыңыздан не келетінін, неге ебіңіз бар екенін жақсылап екшеп алыңыз да, өмірдегі сара жолыңызды, өзіңіз айналысатын істі таңдап алыңыз.
Адам өзіне қажетті құнды білім мен өнерді және мінез-құлықты өзін қоршаған ортаны асықпай зерттеп, бақылау арқылы ала алады.
Өнер, ғылым және кез келген еңбек-адамзатқа пайда әкелетін ниетпен жасағанда ғана сол еңбек ақталып, жемісін жеуің мүмкін.
Есіңізде болсын, сіздің айналаңыздағы жұртқа сіңген еңбегіңіз тек «жақсы сөз-жарым ырыспен» ғана шектелмеуі тиіс. Сіз жақсы ісіңізбен де үлгі болуыңыз қажет. Жалғасы бар....
|