Жер шарындағы халықтардың тілдері әр түрлі болатыны секілді ишара-ымдары да әр басқа. Мұның өзі сәлемдесуден-ақ басталады. Америкалық қол алысуға қоса иықтан қақса, жапондық иіліп-бүгіледі. Кениядағы акамба деген халықтың баласы сізге деген құрметін көрсеткісі келсе, үстіңізге түкіреді, ал массам деген халықта жерге бір, қолына бір түкіріп алып амандасатын салт бар. Сұхбат кезінде мақұлдаса, бас изеп, құп көрмесе, бас шайқайтын ишара болғарларда мүлдем қарама-қарсы мағынада ұғынылады. Жапондықтың әңгімелесіп қайта-қайта бас изеп отырғанын сізбен келісіп отыр деп ұғынсаңыз, қателесесіз. Ол сізді мұқият тыңдап отырмын дегеннің ишарасы, сондықтан басын изеп отырып, әңгіме соңында «жоқ» дер болса, таңданбаңыз. Алжирде сөйлесіп отырған кісі әңгіме ортасында қолын ұсынса, ыңғайсызданып қаларыңыз анық. Қоштасқаны болар деп ойлайсыз. Ал бұл елде жарасымды әзіл, ұтымды сөз естісе, бір-бірін алақанынан қағатын әдет бар. Араб қоштасқандай болып қол бұлғаса, бері келіңіз дегені екенін білу керек. Егер әңгімелесіп отырып ортаңғы саусағыңыздың ұшымен қасыңызды сипайтын әдетіңіз болса, Жапонияда бұл алдағанынды біліп отырмын дегеннің ишарасы. Ал саусағыңызбен самайыңызды сипасаңыз итальян мен француз мұны «мылжыңдап басты қатырдыңыз ғой» дегеннің ишарасы деп түсінеді. Сондықтан әр халықтың тілін білумен қатар ишара-ымын да ұғыну керек болады.
|