Сейітқазы ерте үйленген. Бидай өңді жіңішкелеу келген ұзын бойлы оның денесіне тамақты қанша жесе де жасынан бір шыр бітпеді. Елуге жақындап қалса да қатарластарына ұқсап "қарнын бір шығара алмады". Мұның бәрін қойшы, марқұм әкесінің бар айтқаны келді: бұл жастай кезінде "кішкене толсам" деп күні-түні ауылдағы мектептің турнигіне асылып көтеріліп жүргенде Аспандияр әкесі: "Құлыншағым, соған асылғанды қойшы, денің сау болса, дегеніңе онсыз-ақ жетесің. Мен саған ертең жақсы қимылдайтын жұмыс тауып берейін",-деді. Онда ол өздерінің елдің көбі жақтыра қоймайтын Үржар жақтағы бір ауылда, сүйікті туған жерінде тұратын. Әкесі ауылда беделді, айтқанын екі еткізбей орындататын жан еді. Ұжымшар кезінде де, кеңшар уақытысында да бригадир болды. Аспандияр ашық мінезді, ешкімді іренжітпейтін әке болса да, көрші-көлеңге балаларына қатыгездеу көрінетін. Оның бар бала-шағасы, зайыбы жайлы әңгімелеп, бүгінгі таңда көп оқығысы келмейтін ұрпақтың "басын қатырмай-ақ" қоялық. Бір ғана мысал келтірейік. Өзінің Үржар жақтың ыстық-суығына "мыңқ етпейтін" бес бөлмесі, қора-қопсылы үйі бар еді. Соған қарамастан сол үйдің қасынан Сейітқазыға арнап үй саламыз деп кірпіш құйдыра бастады. Өзі, зайыбы күні-түні жұмыста. Балшықтан таңмен таласа тұрып кірпіш құятын көбіне Сейітқазы болып шықты. Шыжғырған қамбазда қайыстай қарайып кетті. Мұны көрген көрші-көлең Аспандиярды сөге бастады: "Неменеге соншама жұлқынды? Тіп-титтей баласының қабырғасын қайыстырып жастайынан қара жұмысқа салып қойғаны несі?! Мынау өзінің баласын аямаған, өңгені түтіп жейді ғой!"-десті. Аспандиярдың өзіне де айтып жүрді осыны. Ол жұмыстан әредікте өзінің есігі алдында көлеңкеге қойылған ұзын ағаш орындығында дем алып отырғанды ұнататын. Сондайда әрі-бері өткендердің бәрі бір сарындас кеңес беретін әкесіне. Ондай кеңестердің мазмұны: "Өй! Осы саған не жетпейді?! Мына ұлыңды қинайсың да отырасың. Елдің баласы құсап, тіпті доп қуып ойнауға мұрша бермейтінің қалай?" Мұндай әңгімелердің ұзын ырғасын үзіп-жұлып естіген Сейітқазының сондайда іші жылып-ақ кететін. "Әкем енді жұмсағанын қоятын шығар" деп ойлайтын. Бірақ, Аспандиярдың айтары үнемі дайын еді: "Құдайға шүкір, бәрі баршылық қой. Дегенмен біздің жыйып бергеніміз бала-шағаға жарамай қалуы әбден мүмкін. Ең мықтысы балалардың іске ыңғайлы, қиындықтарды жеңе білуге қабілетті болып шығуына үлес қосу, соған тәрбиелеу. Мен өз басым осылай ойлаймын",-деп әлде не ауыр ойға шомып қала беруші еді. Жалғасы бар…
|