Жалғасы...(Басы)Енді міне, селоның ортасында, радио орнатылған бағананың түбінде, жаңағы өткен жайларды ойыма алып, маңдайым күнге тершіп тұрмын. Күз дегеніңіз болмаса күннің ыстықтығы шілдеңізден кем емес.Бөлме басқарушы ұзын бойлы, денелі, ақсары жігіт Нысанбек: «қазір кетеміз» деп еді, көзге шалынар емес.Бір уақытта мотоциклі дыр етіп, сол жағымнан шыға келді:-Апыр-ау, әлі тұрмысың?-Енді қайтейін? Бірге кетеміз деп едің ғой.-Шырағым-ау, сені біреу жетектеп жүру керек пе? Шаруадан қол тиіп жүр ме? Қырманға деген соң, сабылысқан машина, ар жағын өзің білесің біліп тайып қоймаймысың. Табандап төрт-бес сағат тұра ма кісі? Отыр енді артыма. Манадан дырылдап, тұрған мотоцикл селоның шетіне қарай жөйтки жөнелді. Нысанбек сөйлеп келеді:-Іске икемсізсің бе, деп қалдым-ау, жігітім.-Апыр-ау мен келмесем, сол бағананың түбінде қара кешке дейін тұратын түрің бар ма, ей. Ауылдың қыз-келіншектеріне күлкі бола жаздадың ғой.Ақ жарқын, аңқылдақ Нысанбекпен тез-ақ танысып, ұнатып қалып едім. Мына сөздері шымбайыма батып-ақ кетті. Бірақ ештеңе демедім. Бұл ма басқа мый бітпеген соң, қай жерде болсын, тұсауың жаңа кесілгендей болып жүреді екенсің.Алтай тауының етегіндегі ескі сүрлеумен біраз ызғыттық та, оңға бұрылдық. Жалғыз үй, оның алдында жуан бөрене үстінде қаннан-қаперсіз бізге қарап отырған ақсақалды қария көрінді. Нысанбек мотоциклін сәл кідіртті де маған: -Анау ақсақалды көрдің бе қырманшы сол кісі, соған бар, сол бәрін айтады,-деп келген жолымен кері тартып қойды. Қартқа жақындауым мұң екен, аман-саулықты да қойып:-Әлгі Нысанбек жіберді-ау,-деп сөз бастай жөнелді. Ананың не дегенін өзі біліп отыр.-Мән-жайды жата-жастана айтысармыз. Терлеп кетіпсің ғой өзің. Апаңнан орамал алып, өзенге шомылып кел барып. Оған шейін шай-пай да әзір болып қалар.Тоғай арасындағы жалғыз аяқ ізге түсіп алып, жүгіріп келе жатырмын. Қопаның іші қабыз болып шықты. Адымымды тездете түскен едім, өзен жағалауына жақындағанда, бірдеңе оң тұстан сыбдыр ете қалды. Бейқам жүрген мен еріксіз шошынғандай болдым. Айнала тыныштыққа құлақ етім үйреніп қалса керек, жалт қарасам, ойда-түсте жоқ аппақ сазандай бір бойжеткен қою талдың түбінде су-су бұрымдарын төбесіне түйіп тұр. Қыздардың шаштарын бекітіп қоятын жеңілтек темір шанышқылары болушы еді ғой. Соның бір-екеуін аузына тістеп алыпты. Жақындап барып танысқым келді. Жалғасы бар...
|