Патша заманында Көкше өңірінің Қозыбай деген бір жақсы адамы Семей жаққа жер ауып келіпті. Сонда Темірғали шешеннің айтқан жұбату сөзі:
-Жақсыға жаман кесір, жақсы кетсе-жесір. Табында жақсы болса пайдасы тиер, еліңде тентек болса, найзасы тиер, кең қолтық қоғамшыл болсаң халқың сүйеу. Шошынбас жүрек болмас, тосылмас жүйрік болмас, дәміңді алыстан жазса, бармасқа басыңда ерік болмас.
Қисық ағаш тезден мұқайды, дау сөзден мұқайды, ел ішінен шыққан дұшпан жаман, өзінен-өзі мұқайды. Ер жігітке тағылған шынжыр, арқан-ар емес, қайратпен оны сүйретпеген нар емес. Біздің елдің жаманы басыңыздан пәле кетпеспестей көріп жүрген шығар. Сіздің елдің жаманы енді оралып келместей көріп жүрген шығар. Дәміңізді алыстан жазса, топырағыңызды туған жерден жазар, ешнәрсе ойламаңыз.