Бір байдың жылқышысы кешке жылқыдан қайтып келе жатса, көп қыздардың өлең айтқан дауыстарын естіпті. Бұл өзі жас болған соң қыздардың өлең айтқанын естиін деп, сол жаққа қарай жүре береді. Баяғы өлең айтқан қыздар бұ жігітке қарсы келіп айтты: «Әй жігіт! Бізбен жүріп өлең есітпейсіз бе?»,-деп. Сонда жігіт жауап берді: «Олай болса, жақсы, қарындастарым»,-деп. Қыздар бұл жігітті ертіп көп шатырға алып келді. Сол уақытта бұл жігіттің астындағы үркіп-пысқырып жүрмеді. Жігіт ойлады: «Ой тоба! Бұ атым неге жүрмейді?»-деп, таңқалып тұрғанда, бұ жігіттің ойына келді: «Бұ қыздар тегін емес жын, шайтан шығар»,-деп қашарға ойлады. Сонда қыздар үстіндегі жақсы киімдерін тастап жігітке ұмтылады. Әрине бұ жігіт астындағы атын қамшылап, зор беріп қаша берді. Қыздар жете алмайтын болған соң жерге қиналып тұрып айтты: «Ой жігіт! Сен бақытты екенсің, егерде біздің қолымызға түссең, үйіңе зорға барар едің». Сонан соң қыздар бір-біреуімен ұрыса бастады: «Егер сен бомасаң, мен ол жігітті қолға түсірер едім»,-деді. Баяғы жігіттің қорыққаны сонша, тоқтамастан үйіне келіп, ауыл ақсақалдарына көргенінің бәрін айтты: «Мен бүгін сондай бәле көрдім»,-деп. Ақсақалдар айтты: «Әй, балам! Сенің көрген қыздарды күлдіргіш деп атайды. Сен егер қолына түссең, олар сені қытықтап өлтірер еді»,-деп. Ертеңіне баяғы жігіт біраз кісілерменен шатырды көрген жерге келді. Бұлар келіп күлдіргіштердің от жаққан жерін анық көрді.
(Смаил Қасымовтың әңгімесі).
|