Екі жігіт жол жүріп келе жатып, бір үйге сусындауға келіп түсіпті. Олардың біреуінің руы-сүгір, бірі–матай екен. Үйде бойжеткен қыздан бөтен жан болмайды. Төрге шығып отырған екі жігітке қыз сабадан пісіп-пісіп, қымыз құйып, тегенені алып, екінші қолымен кебежеге сүйеніп тұра бергенде, қаусаған кебеже сықыр ете қалған. Оны басқаша ойлаған жігіттің бірі: -Құдаша, мерген болсаң, қасқыр атшы, Басына ана таудың асыра атшы, Дауысы мылтығыңның күшті-ақ екен, Тағы да үсті-үстіне тарсылдатшы,-депті. Қыз жігіттердің жүздеріне назар салып қараса, біреуінің ат тепкеннен танауында жырық қалғанын байқайды. Қолындағы қымыз толы тегенені ұсына берген қыз: -Дейсің ғой: «арам желі шығып кетті», Бір матай, бір сүгірге тиіп кетті, Мылтықтың қарауылы түзу болмай, Танауын біреуінің жырып кетті,-деген екен.
С. Әбілғазин
|