Бір ақынның (ақун) медресесінде екі қазақ баласы ғылым үйреніп жүрген екен. Бір уақытта түнде құптанда екі қазақ баласының біреуі намазға барып, біреуі үйінде сабақ оқып айналып қалыпты. Үйде қалған шәкірт бала сабағын пысықтап отырғанда, намазға кеткен иптесі қайтып келіпті-мыс. Бұл иптесінен сұрайды: «Менің намазда болмағандығыма ақын кейіді ме?» Иптесі айтты: «Мен де намаздың аяты тамам болмай шықтым»,-деп, ақын ол уақытта кейіген жоқ еді. Үйдегі иптесі: «Мен сабағымды айтайын, сен тыңда...» Ол «жарайды» деп айтты. Бұл сабағын айтқанында, ол тыңдап, мұның білмеген жерін түзетін отырып, кішірейе-кішірейе ақырында көз алдында жоқ болып кетіпті. Мұнан соң бұл не екендігін білмей қайран қалып отырғанда өзінің шын иптесі келіпті. Оған барлық болған уақиғаны айтқанда о да таң-тамашада қалыпты-мыс. Ақырында екеуі де қорқысып, ақынға барып айтыпты: Ақын айтты: «Ол мұсылман пері» деген, қорықпаңыздар, оның ешбір кісіге залалы жоқ, өздерің жақсы жүріңдер, тек ол осындай оқитұғын жайларды көріп тамаша қылып жүреді» деп, шәкірттерін тыныштатыпты-мыс.
(Ерғали Қасымовтың әңгімесі).
|