Қадірменді оқырмандар, кезекті айдарымыздағы деректерді және осындай жәйіттерді компьютер жағына көп көз сала бермейтін қарияларға да оқып берулеріңізді өтінеміз. Мұның мәнісін таныса келе өздеріңіз де байқайсыздар. Айтыста 34 көлік жеңіп алған айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның сұхбатынан үзінді беріп отырмыз. Жазып алған Анар Әлдибекова екен, «Жұлдыздар отбасы» журналы, бас редакторы Жарылқап Қалыбай ... (№8, (122) сәуір 2012ж). -Кіндік қаныңыз тамған жер Семей екен. Шыныңызды айтыңызшы сізге Мойынқұм жақын ба, әлде Семей ме? -«Қос қанатым секілді Жамбыл менен Семейім» деп үнемі айтып жүремін. Екеуін бөліп қарай алмаймын. Отбасылық жағдайға байланысты он үш жасымда Семейден Мойынқұмға көшіп келгенбіз. Ақсуат ауданы-кіндік қаным тамған, балалық шағым өткен, ата-бабам өскен жер. Ал мені сахнаға алғаш алып шыққан, сонау Семейден көшіп келгенде бауырына басқан Мойынқұмды да, бөтен деп айта алмаймын. Қазір жылына екі-үш рет Мойынқұмға барамын. Ал Семейге екі-үш жылда бір барамын. -«Керіліп, Айнұр сұлу, сөйле енді, Күйме мінген қызындай бай-манаптың» деп еді сізге Аманжол Әлтаев. Негізі, қандай отбасынан шыққансыз? -Мен материалдық жағдайы төмен отбасынан шықтым. Ол кезде мұндай отбасының балаларына үкімет әр мезгіл сайын киім-кешек беріп тұратын еді. Оны мұғалімдер мен отыратын партаның үстіне қойып кететін. Әрине, оны алуға қатты намыстанатынмын. Бірақ алмасқа амалым болмайтын. Солай... Нағашы әжем Шолпанның қолында өстім. Ол кісіні өзімнің анам санайтынмын. Марқұм әжем екі жыл бұрын дүниеден өтіп кетті. Бір арманым Мақпал Жүнісова секілді домбыраға қосылып ән шырқап, жұрттың қошеметіне бөлену болатын. Елдің бәрі менің өнеріме тамсанып қол соқса деп қиялдаушы едім. Аллаға шүкір арманым орындалды. Өмірде де, өнерде де жолым болды. Қазіргі бақытымның бәрі бала күнімде көрген қиыншылықтарымның өтеуі болар деп ойлаймын. Жалғасы бар...
|