Тобықты Әнет баба қартайып, жасы 90-ға келгенде ел дауы, жер дауы, жесір дауына көп араласпай "Кәләм Шәриф", Қожа Ахмет Иассауи, Сопы Аллаяр, "Нұрнама" секілді кітаптарды оқып оңаша жатады екен. Қоржын-қоржын кітаптарды ақтарып, кейде көзінің жасы сақалын жауып жылап алады екен, кейде балаша мәз болып күледі екен. Кейде тұңғиық ойға батып, орнынан тұрып ешкімге ештеңе айтпай қыр асып қыдырып кетеді екен. -Әнет баба, не іздеп жүрсіз, кімді іздеп жүрсіз?-деп сұрапты бірде ауыл сыртында жолығып қалған Қазыбек би. -Өзімді іздеп жүрмін, шырағым,-деп жауап беріпті Әнет баба. Жас Қазыбек ештеңені ұға алмай аңтарылып тұрып қалыпты. -Түсінбегеніңді біліп тұрмын. Өзімді іздеп жүрмін дегенімнің мәнісі мынау, шырағым. Адам баласы Алланың әмірімен жарық дүниеге келгенде пәк, адал, таза күйінде келеді. Өсе келе әрнені көреді, әрнені естиді, жақсыға да, жаманға да бой ұрады. Баяғы пәктігін жоғалтады. Жас ұлғайып қым-қуыт, қызыл-жасыл дүниенің қызығы басылған соң баяғы адал күйіне қайта оралады. Мен қазір қартайдым. Су жорғаны мініп көрдік, сұлу әйелді құшып көрдік, өзен судай тасып та көрдік, өткел бермес дариядан асып та көрдік-бәрі де жалған екен. Енді маған ештеңенің керегі жоқ. Баяғы күнәдан пәк адал жүрегім керек. Өзімді іздеп жүрмін дегенім осы. М. Қазбеков
|