Тоқтамыс би Арқадағы Арғын ішінің беделді биі болған. Елдің сүйіп қойған аты «Тоқаш» және «Әйе». Өзі өте семіз кісі екен. Егде кезінің өзінде 15 пұт шамасында болған. Тоқаш соны азсынып: -Өй, балалар-ай, қартайған екенмін. Бұрнағы жылдары өлшенгенімде 19 пұттан артық едім,-депті. Бұның замандасы-Мәлике дейтін қылыш тілді қатын болған. Ол да семіз-ақ болған. Бір сапарында Тоқаш, Мәликенікіне ат басын тірепті. Үйге кірсе, әйел үйде жоқ екен. «Үйге кісі келдіні» естіп, Мәлике кешікпей келіпті. -«Әйел семіз болса-үйдің жұты, еркек семіз болса-елдің құты»,-дегендей, үйіңді жұтатып қайда жүрсің?-депті Тоқаш. Сонда Мәлике: -Ел аузынан: «Еркек семіз болса-есек, әйел семіз болса-төсек» дегенді естіп едім-депті.
|