Шешен мен бай
Ертеде бір елден асқан әрі шешен, әрі тапқыр кісі болыпты. Өзінше менменсіп жүрген бір бай әлгі шешенді үйіне шақырады. Шешен қорадан кіріп келе жатқанда байдың иттері алдынан абалап үріп, екі жағынан анталай жүгіреді. Шешен иттен қаймығып байға тығылады. Сонда бай тұрып:-Е, шешенім, үрген иттің қаппайтынын сіз білмейтін бе едіңіз?-дейді. Өзінше оны сөзден ұстадым деп ойлайды. Сонда шешен тұрып:-Абалап үрген иттің қаппайтынын мен білуіне білемін ғой. Бірақ сол дәстүрді көрінгенді жұлмалап жеп үйренген сіздің иттеріңіз білмейді-ау деп қорқамын,-депті. Бай не дерін білмей шешеннен жеңіліп қалыпты.
| |