Данияр Жанысов («Жұлдыздар отбасы», №19, 2012 ж) тележурналист, «Қазақстан ҰТА «Жан жылуы» бағдарламасының редактор-жүргізушісі Ақбаян Сапарбаевамен сұхбаттасқан екен. Ол «Байлық емес, бата жинап жүрген қызбын» аталыпты. Осыдан айдарымызға сәйкес келеді-ау, ой салар деген оймен шағын үзінді ұсынып отырмыз: «-Ақбаян, бір белеске шығу үшін жақсы адамдар, бір биікке жету үшін бір баспалдақтың керегі анық. Бүгінгі жеткен биігіңізді кімдермен байланыстырасыз? -Анамның ағасы профессор, кезінде халықтың қалауымен ҚР Парламенті Мәжілісінде депутат болды. Сол кісінің үйіне үнемі қазақтың біртуар азаматтары келіп дәм тататын. Қоғам қайраткерлері мен өнер жұлдыздары, ақын-жазушыларды күтіп алып, шығарып салу Есенкүл апамның мойнында. Сол кісіге көмектесе жүріп, ел сыйлаған азаматтарға деген құрметті көріп өстім. Қазіргі жұмысымда атынан ат үріккен азаматтардан тайсалмай, еркін тілдесіп, сұхбаттаса алатыным сондықтан болар. Жақсы адамдардан алған шарапатым саналы ғұмырыма жетер азығым деп ойлаймын. -Осындай жақсылықты көргенде қандай ойда боласыз? -Аллаға ризалығымды білдіремін. Өзім де қолдан келгенше жақсылық жасауға тырысамын. Мүмкіндігім болып тұрған жағдайда көмегімді есепсіз жасаймын. Бейтаныс адамдардан көретін жақсылығым сол өзімнің жасаған жақсылықтарымның қарымтасы да шығар.»
|