Қақсалбай күзде ел аралау сапарынан қайтып келе жатып, Мүзлипа қыздың үйіне әдейі бұрылып, қонуға "сөйлес қып" ат үстінен: Жоқ еді бұл ауылға таныстығым, Кім білер Баянауыл алыстығын. Сыпайы жолаушымыз, рұқсат керек, Бірің шық сөйлесуге жарықтығым,-
депті. Сонда Мүзлипа: Түседі қонақ таңдап үйді байқап, Түнгі ұры басынғанын кетер жайпап. Түс деуге қой өрісте, жылқы жонда, Ұйытулы айран да жоқ берер шайқап.
Қақсалбай: Әзілмен айтқан сөзді теремісің, Жүдеген түрімізді көремісің? Түн қатып тоңазыған жолаушымыз, Құрт езіп бір-екі аяқ беремісің?
Мүзлипа: Қиылса қызыл ағаш қын болады, Қонақты қуса бойға мін болады. Атынан түспей бұрын құрт сұраған, Жолаушы әкімсінген кім болады?
Қақсалбай: Таныдым: Мүзлипа қыз-ау деймін, Төрт аттың сортаң жерде ізі-ау деймін. Болғанда сіз-Қуандық, біз-Сүйіндік, Жігіті Жанғазының біз-ау деймін.
Мүзлипа: Сөйлеген Қақсалбайдай ақын шығар, Еліңде мені де айтып атым шығар. Көп тұрып талдырдыңдар аттың белін, Енді үйге кірулерің мақұл шығар,- деп серіні үш жолдасымен қонақ етіп аттандырыпты.
Қ. Биғожин
|