Қазақ халқы ежелден қасиет тұтып, қастерлейтін ұғымдардың бірі-ата-ана. Дана халқымыздың «ауылыңда қарияң болса, жазылып қойған хатпен тең» дегеніндей, қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды құрметтеуді, қажеттілік туындағанда қызметінде болуды, қай кезде де көзіміздің қарашығындай бағалай білуімізді бізге асыл дініміз Ислам мен халқымыздың озық салты бұйырады. Ата-ананы құрметтеу жайындағы осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Соның бірі қасиетті Құрандағы: «Әке-шешең қарттайған шағында, екеуі немесе біреуі қолыңда қалса: «Раббым! Бұл екеуі кішкентайымнан мені мәпелеп өсіргендей, ол екеуінде Өзіңнің мейіріміңе бөлегейсің!-деп Жаратқанға олар үшін жалбарынуды бұйыруы. Ата-бабаларымыз да «Қартыңды ардақтап өтсең, құрметтесең, қартайғанда сені де етер ізет» деген екен. Демек, қарияларға құрмет көрсетуіміз ертеңгі күні қартайған шағымызда өзімізге құрмет көрсетуіміз болып табылмақ. Осыған орай «Иманғалы» мешітінің имамдары облыстық қарттар үйінде болып, қариялар мен ақ жайлықты аналардың қал-жағдайымен танысты. Қарттарды құрметтеу керек деп қанша мәрте айтылып жатқанымен, өкінішке орай, қоғамдағы кейбір отбасылары тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, мәпелеп, әлпештеп өсірген қазыналы қарттарын қартайған шағында Қарттар үйіне тапсыруда. Бұл көрсеткіштің күн өткен сайын өсіп келе жатқандығы қабырғамызды қайыстырады. Қарттар үйі жасы ұлғайған, қараусыз қалған қарттарымызды қамқорлыққа алатын мекеме болғанымен, бауыр еті балалардың қамқорлығындай бола алмайтыны белгілі.
muftiyat.kz
(«Шипа»,№ 16, 14 желтоқсан, 2012 жыл)
|