(Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жинаған үлгілерінен) Жар басына қонбаңыз, Дауыл соқса үй кетер. Жатқа тізгін бермеңіз, Жаламенен бас кетер. Жаманменен жолдас болсаңыз, Көрінгенге күлкі етер. Жақсыменен жолдас болсаңыз, Айрылмасқа серт етер. Ит жүгіртіп, құс алсаң, Киген тоңын түлкі етер. Сыпайы сырын білдірмес, Ақырын ғана бүлк етер. Алыстан қызыл көрінсе, Манат емей немене. Көтеріліп ұшқан құс, Қанат емей немене. Екі жақсы бас қосса, Санат емей немене. Қамшылатып жүгірген, Шабан емей немене. Айтқан сөзге түспеген, Жаман емей немене. Кісі ақысын көп жеген, Арам емей немене. Іштегі сыр аллаға мәлім, Сыртыңдағы қулығың, Амал емей немене. Сусағанда берген су, Шекер емей немене. Һәметсіз ерге біткен мал, Бекер емей немене.
|