Отбасында бақытты болуды армандамайтын адам жоқ. Алайда бақытты болу үшін де біраз еңбектенуге, кейбір мінез-құлықтарды өзгертуге тура келеді. Неке және отбасы зерттеуші психологтар ерті-зайыптыларға мынадай кеңес береді:-Психологтардың айтуы бойынша, бақытты болудың ең алғашқы шарты-ерлі-зайыптылардың бір-біріне тәнті бола қарауы екен. Екінші жартыңызды құрметтесеңіз және оның әрбір қылығына тәнті екеніңізді білдірсеңіз, қартайғанша ұрыс-жанжал сіздерден аулақ жүретіні сөзсіз.-Ашудан жарылардай болып тұрсаңыз да өмірлік серігіңізге күлімсіреп қарауды үйреніңіз. Оған жылы сөйлеп, бір сәт бауырыңызға басып, құшақтаңыз. Жұмыстан шаршап келсеңіз де, осылай жасауға тырысыңыз. Сонда сіздердің сүйіспеншіліктеріңіз күннен-күнге арта түспек.-Кейде анда-санда сөзбен қағысып тұру еркекке де, әйелге де артықтық етпейді. Мысалы, спорт, саясат, жұмыс секілді түрлі бейтарап тақырыптарда ойларыңызды ашық айтып жеңіл-желпі ұрсып алуға болады. Бірақ ата-енелеріңіздің немесе отбасының өзге бір мүшесінің өзіңізге ұнамайтын қылығы мен мінезі жөнінде айтудан аулақ болыңыз.-Ұрыс бола қалған жағдайда өзіңізді сабырлы ұстаңыз. Айғайлап, дауыс көтеруге жол бермеңіз. Егер отбасыңызда тыныштық болуын қаласаңыз, жеңіле салыңыз. Одан ұтылмайсыз.-Психологтар ерлі-зайыптыларға ұрыстан кейін бір төсекке жатуға болмайтынын айтады. Бұл да отбасы бақытының бір құпиясы. -Өмірге бала келгеннен кейін оның өміріне ата-ана бірдей жауапты. Сондықтан оны тәрбиелеу, асырап-бағу міндеттерін де тең бөліскендеріңіз абзал. -Бұл өмірде ақшаның көп нәрсені шешетіні белгілі. Бірақ оның араларыңызға кіріп ылаң салуына жол бермеңіз. Ешуақытта өмірлік серігіңізге аз ақша табатынын немесе тым көп ақша жарататынын айтып ұрыспаңыз. Себебі отбасындағы жанжалдың көбі ақшаға байланысты туындайды. Қаражат мәселесі әсіресе, еркектерге қатты әсер етеді. Көп ақша тапса масаттанатын олар, табысы аз болған күні өзін жайсыз сезінетіні есіңізде тұрсын. -Жұрттың көзінше бір-біріңізге ұрсуға, сөгуге, балағаттауға болмайды. Отбасы психологиясында мұндай жағдайға тыйым салынған. Екінші жартыңызды өзге адамның көзінше тілдемеңіз. Ондайда өмірлік серігіңіз өзге адамның алдында өзін өте жайсыз, ыңғайсыз сезінеді. Әрі әлгі адам сіздің екінші жартыңызды сыйламайтын болады. Әр отбасы өз заңы мен қағидасы бар өзінше бір әлем. Оларға некені дамытудың заңдылықтарын үйретудің мүмкін қажеті де бола қоймас. Бірақ бақытқа жету құпияларын біле жүргені жөн.
(«Керек кеңестар», №23, 2012 ж.)
|