Біржан сал бірде серіктерімен екінші бір ауылға келе жатса, ауыл сыртындағы өзенде бір топ қыз шомылып жатыр екен. Қасындағы жігіттер серіге: "Осы қыздарға бір ауыз өлең айтыңыз"-деп қолқа салған соң, Біржан қыздарға қарап:
Бауыры Көкшетаудың қара қайың, Қар кеткен соң болады малға жайың. Ішінде адал да бар, арам да бар, Ей, қыздар, былғамаңдар судың лайын,-
депті. Сонда бір қыз судан басын көтеріп:
Ұшады аққу көлден сабаланып, Біз қалдық сіздің сөзге назаланып. Келед деп игі жақсы аулымызға, Шомылып жатыр едік тазаланып,-
деген екен. Сөзден тосылған серілер тобы жөніне жүріп кетіпті деседі.
|