Сіз білесіз бе, Филиппин теңізіндегі жапондық арал Окинавада әлемдегі ұзақ ғұмыр жасайтын адамдардың қарасы өте көп. Осы мекенде 100 жастан жоғары ғұмыр кешіп жатқан жандардың саны 500-ден асып кетеді.Тіпті, 1000 жанға шаққанда 35 адамнан келеді екен. Бұл әлем бойынша ең үлкен көрсеткіш болып табылады. Жергілікті тұрғындар өздерінің бұлайша ұзақ ғұмыр сүрулерінің сырын аралдағы ауыз суымен байланыстырады. Себебі, оның құрамында кальций иондары өте көп екен. Бірақ, ғалымдар бұл құпияның сырын адамдардың дұрыс тамақтануымен және олардың өмірге деген дұрыс көзқарастарымен түсіндіріп отыр. Арал тұрғындары көбінесе жеміс-жидекті, күрішпен теңіз тағамдарын талғажау етеді. Окинавалықтардың басты ұраны-әр атқан таңды қуанышпен қарсы алу. Егер ұзақ ғұмыр иелері тұратын ауылға жолыңыз түссе, ауылға кіре берістегі бас бағанға жазылған жазуға назар аударуды ұмытып кетпеңіз. Онда: «70 жаста әлі баласың, 80 жаста жай ғана жасөспірімсің, ал 90 жаста бабаңыз көкке шақырып жатса, күте тұруын сұраңыз. Себебі біз әлі 100 жасқа толған жоқпыз. Сонда ғана ол туралы ойлана бастаймыз»-деп жазылған.
|