Жалғасы... Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек. Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап, жер бетін тұрған үйіңді жұмақ ете біл.
Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме.
Жақсы адам-магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң-айналаңда досың көп; жаман болсаң-жалғыз жүресің; орташа болсаң-сен де бір жақсының жанын жағалайсың. Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішінен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса-іздеген досың алыстан үйіріліп, өзі келеді.
Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзе бөлінеді. Сонан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы-жүз жойылса екен. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе екен!
Ел билеген жақсы адамның өмірдің күнделікті күйбеңмен кетіп, ертеңгі ұрпаққа мұра боларлық өз атынан ештеңе қалдырмауы өкінішті. Абай атамыздың өзгелерден артықшылығы да осында-артында тастап кеткен асыл кітабында ғой. Біреуді пәленше көп біледі деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса, мақтауға болар еді. Көп біліп, түк тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ. Ондай «білгіштен» аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық.
|