(Жалғасы....) Денсаулықты күте білудің тағы бір негізі, дұрыс тыныс алу, дұрыс қозғалу, дұрыс ойлау. Дұрыс тыныс алу үшін дұрыс дем алумен бірге дұрыс дем шығара да білгені жөн. Сонда әркім өз денсаулықтарын нығайтып, демікпеден айығады. Дұрыс қозғалу-адам аз қимылдаса, көп сырқатқа ұшырайды. Мұндай сырқаттан арылудың жолы-спортпен, дене шынықтырумен айналысу. Жаттығу жүректің жасаруына, қосымша күш-қуат жинауына, ағзаның қорғаныс күшін нығайтуына оң ықпал жасайды. Жүгірумен айналысар алдында жылдам жүріп дағдыланған жөн. Күніне 15-20 минут жүгіру пайдалы. Дұрыс ойлау білу де адам денсаулығының басты кепілі. Халық арасында: «Бақытсыздық туралы көп ойлаған адам бақытсыз болады, сырқат туралы көп ойлаған адам ауру болады»,-деген нақыл бар. Адамның ақылы, ішкі сезімі, рухани күйі өзара байланыста. Сол себепті дұрыс ойламаса, үнемі жамандықтарды еске ала берсе, денсаулығы нашарлайды. Түрлі дертпен күресе білу барысында адамның өзін-өзі сендіре білуі аса маңызды. Өмірде дұрыс тамақтану да, аурудан дұрыс сақтану да адамның денсаулығында айрықша рөл атқарады. Дене мүшелерінің күтіміне, оның ішінде, аяқ-қол күтімі тоқталайық: Аяқ терісін тазартып, оны күн сайын сумен сабындап жууымыз қажет. Оны бұлаулап терісін тазарту адамды тынықтырады, қан айналымын жақсартады. Аяқ терісі тез жарылады, кей жерлерін аяқ киім қажап тастайды. Мұны қырмызы (календула) араластырылған сумен (1 литр суға 1 ас қасық) бұлаулау қажет. Аяқты жуған соң башай араларын әбден құрғатады. Аяқ терісінің грибокты ауруларына қарсы аптасына 2-3 рет асханалық сірке суымен немесе гигиена лосьонымен сүртеді. Аяқ тершең болса, оны күн сайын жуады, салиции не бор спиртінің 1-2 пайыздық ерітіндісімен сүртіп, тальк себу керек. Тершең аяққа шұлықты күн сайын ауыстырады. Адам отырып-тұрғанда, жүрген кезде қан аяқтың күре тамырларымен жан-жақтан жүрекке қарай қозғалады. Өкшенің, жіліншік, мықын бұлшық еттері қимылдағанда жиырылады да, қан қозғалысын жақсартады. Керісінше, адамның салмағы артқанда, үнемі биік өкшелі аяқ киіммен жүргенде, шылым тартқанда, аз қимылдағанда ағзадағы қан айналымын қиындатады, тіпті қан күретамырда тұрып қалады, тіндерде қалдықтар пайда болады. Соның салдарына аяқ шаршайды, онда ісік ұлғаяды. Жалғасы бар...
|