Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен: -Ер басында неше бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу?-деп сұрайды. Сонда Қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді: -Ер басында бақыт-бесеу, кемдік-үшеу, құлазу-төртеу. Астындағы атың жүрдек болса, Жалғанның пырағы: Алғаның жақсы болса, Үй мен қонақтың тұрағы: Әкең-асқар тау, Шешең-қайнар бұлақ, Балаң жақсы болса Екі көздің шам-шырағы. Міне-бес бақыт осы. -Атың шабан болса, Жалғанның азабы: Алғаның жаман болса, Дүниенің тозағы: Балаң жаман болса, Көрінгеннің мазағы. Міне,-үш кемдік осы. -Қалың ел көшсе, Көл құлазиды, Қаптаған мал кетсе, Бел құлазиды. Нарқын танымаған Сөз құлазиды, Қатарынан айрылған Шал құлазиды. Міне,-төрт құлазу осы.
|